Қазіргі уақытта ересектерге Республикалық деңгейде жоғары мамандандырылған гематологиялық көмек «ҰҒОО» ЖШС базасында көрсетіледі. Қан жүйесінің қатерлі ісік аурулары бар пациенттердің жалпы өмір сүру деңгейінің жоғары болуы, тәжірибеге жаңа препараттар мен химиотерапия хаттамаларын енгізумен ғана емес, сонымен қатар сүйек кемігін трансплантациялау көрсеткіштерінің (СКТ) кеңеюімен де байланысты.
Онкогематология және СКТ орталығы 15 жыл ішінде сүйек кемігін трансплантациялаудың барлық түрлерін енгізді. Атап айтқанда, аутологиялық, аллогенді туыстық, аллогенді туыстық емес және гаплоидентикалық трансплантациялар жүргізіледі.
2013 жылы 6 орынға арналған арнайы «таза» палаталар блогы ашылды. 15 жыл ішінде «ҰҒОО» ЖШС базасында 700-ден астам СКТ жүргізілді. Халықаралық деңгейдегі ең төменгі көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында трансплантациялық төсек қоры 15 орынға дейін ұлғайтылды. Бұл жыл сайын 150–180 сүйек кемігін трансплантациялау операциясын жүргізуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда ҰҒОО-да қан ауруларымен ауыратын пациенттерді емдеудің толық циклі жолға қойылған. Ол халықаралық стандарттарға сәйкес диагностикалауды, аурудың болжамдық қауіптерін бағалауды, стандартты, жоғары дозалы және рецидивке қарсы полихимиотерапияны, сондай-ақ гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялауды қамтиды.
ҰҒОО-да өңірлердегі онкогематологиялық науқастарға әдістемелік және медициналық қолдау көрсету мақсатында ұйымдастыру-әдістемелік бөлім жұмыс істейді. Бұл Орталық пен өңірлер арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етіп, қан ауруларын дәл және уақтылы диагностикалауға, жүргізіліп жатқан емді бақылауға, заманауи зерттеу әдістері арқылы нәтижелерге дәлелдемелі баға беруге, сондай-ақ трансплантацияны қоса алғанда, жоғары технологиялық ем жүргізуге, бекітілген тізімге сәйкес ем жүргізуге, ем сапасын бақылауға, гематологиялық көмектің тиімділігін бағалауға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар бөлім қан жүйесі ауруларын емдеудің жоғары технологиялық бағдарламаларын, оның ішінде гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялауды іске асыруды, бекітілген тізбеге сәйкес ем жүргізуді, көрсетілетін көмектің сапасын бақылауды, емдеу нәтижелері мен республикадағы мамандандырылған гематологиялық көмектің тиімділігін бағалауды жүзеге асырады.
Онкогематология және сүйек кемігін трансплантациялау орталығының мамандары әлемнің жетекші клиникаларында тағылымдамадан және қайта даярлау курстарынан өтті. Атап айтқанда, Жапонияда (Хиросима), АҚШ-та (Питтсбург), Ресей Федерациясында (Санкт-Петербург, Мәскеу), Беларусь Республикасында (Минск), Түркияда (Стамбұл), Израильде (Иерусалим) және Литвада (Каунас) білімдерін жетілдірді.
ҰҒОО-да жыл сайын резиденттерді қабылдау және оқыту жүргізіледі. Оқуды аяқтағаннан кейін дайындалған резиденттерді өңірлерге жіберу жоспарлануда, бұл жергілікті жерлердегі гематологиялық қызметті күшейтуге мүмкіндік береді.
м.ғ.к., қауымдастырылған профессор, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас гематологы. Жалпы медицина саласындағы еңбек өтілі – 35 жыл. Денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін ведомстволық және мемлекеттік наградалармен марапатталған.
2010 жылдың желтоқсан айында оның жетекшілігімен Қазақстанда алғаш рет гемопоэздік дің жасушаларының аутологиялық трансплантациясы сәтті жүзеге асырылды. Ал 2012 жылдың желтоқсанында қан ауруларына шалдыққан пациенттерге сүйек кемігінің аллогенді туыстық трансплантацияларының алғашқы сериясы орындалды.
Сүйек кемігін трансплантациялау әдісін елімізде енгізу және дамыту бағытында атқарылған жұмыстарға шетелдік әріптестер – профессор Б.А. Афанасьев, профессор Г. Кольб және профессор Д. Хольцер жоғары баға берді.