Астана мен Бангкок онкология саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Астанада онкология, прецизионды медицина және көпсалалы емдеу тәсілдеріне арналған Қазақстан -Таиланд академиялық медициналық симпозиумы өтті.


Басқосу барысында қатысушылар қатерлі ісікті емдеудің заманауи тәсілдерін талқылап, тәжірибе алмасты. Әсіресе медициналық робототехника мен озық технологияларды қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылды.


Симпозиум аясында Ұлттық ғылыми онкология орталығының мамандары өз жұмыстарының негізгі бағыттарын таныстырды.


Орталықтың ғылым және білім жөніндегі басқарушы директоры Лаура Пак онкологиялық көмекті дамыту, ядролық медицинаны ілгерілету және кадр даярлау бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.


Радиациялық технологиялар орталығының жетекшісі Индира Тлеулесова жоғары дәлдіктегі сәулелік және протондық терапия мүмкіндіктерін таныстырып, олардың онкологиялық ауруларды емдеудегі тиімділігіне тоқталды.


Ал реконструктивті хирургия секторының дәрігері Аян Ерекеш сүт безін қалпына келтіру бойынша орталықтың клиникалық тәжірибесімен бөлісті.


Симпозиум бағдарламасы аясында Қазақстандағы Таиланд Корольдігінің Төтенше және Өкілетті Елшісі Пияпин Нийомреркс бастаған делегация Ұлттық ғылыми онкология орталығында болды. Қонақтар Радиациялық технологиялар орталығының жұмысымен танысып, жоғары технологиялық медициналық көмектің мүмкіндіктерін көрді.


Мамандардың айтуынша, мұндай кездесулер тәжірибе алмасумен ғана шектелмей, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға негіз болатын іскерлік байланыстарды нығайтуға жол ашады.