Ұлттық ғылыми онкология орталығында «Жедел церебралды зақымдануы бар науқастарға қарқынды терапия жүргізудегі заманауи тәсілдер» атты Қазақстан-Ресей ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Іс-шараға Қазақстан мен Ресейдің анестезиология, реаниматология және нейроғылым саласындағы жетекші мамандары қатысты.
Конференция ауыр неврологиялық жағдайлармен түскен науқастарға қарқынды көмек көрсетумен айналысатын түрлі мамандықтағы дәрігерлерді біріктірді. Конференция онкология саласындағы отаға дейінгі дайындық, неврологиялық патологиялар кезінде қолданылатын қарқынды терапия әдістері және нейрореанимациядағы температуралық менеджмент мәселелері талқыланды.
ҰҒОО Анестезиология, реаниматология және қарқынды терапия орталығының меңгерушісі Ерлан Умбетжанов бұл іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, онкоорталықтың қарқынды терапия саласындағы технологияларды белсенді дамытып жатқанын айтты:
«Біз елімізде алғашқылардың бірі болып орталық гемодинамиканы өлшеуді бастадық, аймақтық анестезия әдістерін кеңінен қолданамыз, жасанды тыныс алдырудың заманауи тәсілдерін енгізіп жатырмыз. Біздің орталықта көрсететін де, бөлісетін де тәжірибе бар»,– деді ол.
Н. Н. Бурденко атындағы нейрохирургия ұлттық медициналық зерттеу орталығының қарқынды терапия және реанимация бөлімінің меңгерушісі, профессор Иван Анатольевич Савин клиникалық тәжірибемен бейресми алмасудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл конференция дәрігерлер арасындағы терең кәсіби диалогтың алаңына айналды.
«Әрбір науқас – жеке жағдай, ауыр күйдегі науқастарды емдеу барысында жиналған бірегей тәжірибе талқылауға тұрарлық. Қазіргі технологиялық мүмкіндіктер мұндай сұхбатты мүлдем жаңа деңгейде, қызығушылықпен әрі нәтижелі түрде өткізуге жол ашады», – деді өзінде Иван Савин.
Мұндай конференциялардың өтуі Қазақстан мен Ресей арасындағы кәсіби ынтымақтастықтың жоғары деңгейін және ғылыми-медициналық байланыстың нығайып келе жатқанын көрсетеді. Ұлттық ғылыми онкология орталығы клиникалық тәжірибеге медициналық білім мен технологиялардың озық үлгілерін енгізуге ықпал ететін мұндай іс-шараларды алдағы уақытта да өткізуді жоспарлап отыр.
