Қан ауруларын емдеу тәсілдері қарқынды дамып келеді. Жуырда ғана қолжетімсіз болып көрінген медициналық технологиялар бүгінде қан жүйесінің қатерлі ауруларына шалдыққан, оның ішінде ауруы асқынған науқастарды емдеуге жаңа мүмкіндік беріп отыр.
10-11 қазанда Ұлттық ғылыми онкология орталығында «Гематология және сүйек кемігін трансплантациялаудың өзекті мәселелері» атты IV Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтуде. Жиынға Қазақстаннан және шет мемлекеттерден 250-ден астам маман қатысуда. Олардың қатарында гематолог, онкогематолог, трансплантолог, патоморфолог, клиникалық фармаколог, мейіргер ісінің мамандары және медицинаның өзге де бағыттарының өкілдері бар.
Конференцияның негізгі тақырыптарының бірі – CAR-T жасушалық терапиясы. Бұл әдіс науқастың өз иммундық жасушаларын арнайы өзгертіп, қатерлі ісік жасушаларын танып, жоюға бағыттауға мүмкіндік береді. Түркия мен Ресейден келген сарапшылар CAR-T терапиясын клиникалық тәжірибеде қолдану және жасушалық препараттарды әзірлеу жөніндегі тәжірибелерімен бөлісуде.
Сүйек кемігін трансплантациялау саласында да жаңа мүмкіндіктер пайда болуда. Жасушалық технологиялар трансплантация әдістерін жетілдіруге, донор таңдау мүмкіндіктерін кеңейтуге және асқыну қаупін азайтуға жол ашады. Конференция барысында, әсіресе қан жүйесінің күрделі ауруларына шалдыққан науқастар үшін трансплантацияның қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыру мәселелері қарастырылуда.
Лейкоз, лимфома және көптеген миелома сияқты ауруларды емдеу тәсілдері де өзгеріп келеді. Қазір дәрігерлердің қолында ісіктің дамуына әсер ететін нақты механизмдерге бағытталған дәрілік препараттардың түрі көбейді. Бұл, әсіресе, ауру қайта өршіген немесе стандартты емге жауап бермеген жағдайда маңызды.
Дәл диагностика мен аурудың барысын бақылауға да ерекше мән беріледі. Заманауи зерттеу әдістері аурудың ерекшеліктерін тереңірек анықтауға, әр науқастың жағдайына қарай емді таңдауға және ем аяқталғаннан кейін ағзада сақталып қалуы мүмкін қатерлі ісік жасушаларының аз мөлшерін де анықтауға мүмкіндік береді.
Дегенмен емнің нәтижелі болуы жаңа препараттар мен озық технологияларға ғана байланысты емес. Инфекциялардың алдын алу, асқыну қаупін төмендету және науқастардың оңалуына жағдай жасау да маңызды. Конференцияның жеке секциясында осы мәселелермен қатар мейіргерлік күтімнің ерекшеліктері мен психологиялық қолдау көрсету жолдары талқылануда.
