Қазақстанда алғаш рет 18F-MISO радиофармацевтикалық препараты синтезделді

Ұлттық ғылыми онкология орталығының Радиациялық технологиялар орталығында Қазақстанда алғаш рет позитронды-эмиссиялық томография (ПЭТ) зерттеулерінде қолданылатын 18F-MISO (фторомизонидазол) радиофармацевтикалық препараты синтезделді.

18F-MISO ісік тініндегі оттегі мөлшері төмен, яғни гипоксияға ұшыраған аймақтарды анықтауға және олардың деңгейін бағалауға мүмкіндік береді. Ісік гипоксиясы – жаңа түзілістің биологиялық қасиеттері мен ісікке қарсы емге сезімталдығына әсер ететін факторлардың бірі. Атап айтқанда, ісіктің гипоксиялық аймақтары сәулелік терапияға төзімдірек болуы мүмкін.

Сондықтан ісік тініндегі гипоксияны бағалау қазіргі онкология үшін маңызды бағыттардың бірі саналады. Бұл тәсіл пациентке жеке емдеу тактикасын таңдауда, соның ішінде бас және мойын, өкпе, тік ішек және басқа да ағзалардағы ісіктерді емдеуде маңызды рөл атқаруы ықтимал.

ҰҒОО Радиациялық технологиялар орталығының жетекшісі Индира Тлеулесованың айтуынша, 18F-MISO синтезін меңгеру циклотрондық-өндірістік кешен мамандарының радиофармацевтикалық дәрілік препараттарды өндірудің жаңа технологияларын әзірлеу және енгізу бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі.

Қазақстанда 18F-MISO препаратын алғаш рет синтездеу – жаңа препаратты игерумен қатар, отандық радиофармацевтиканы дамытудағы маңызды қадам.

Бүгінде ҰҒОО-да ПЭТ/КТ және ПЭТ/МРТ зерттеулерінде қолданылатын 18-фтордезоксиглюкоза (18F-FDG) радиофармацевтикалық препараты өндіріліп келеді.

2026 жылы тағы екі радиофармацевтикалық препарат – 18F-NaF және 18F-MISO өндірісін іске қосу жоспарланған. Ал 2027 жылы өндірілетін препараттар қатарын бес атауға дейін кеңейту көзделіп отыр. ҰҒОО-ның стратегиялық мақсаты – 2030 жылға қарай өзінің радиофармацевтикалық препараттар желісін 13 атауға дейін жеткізу.

Радиофармацевтикалық препараттарды ел ішінде өндірудің маңызы зор. Себебі олардың көпшілігінің жартылай ыдырау кезеңі қысқа, сондықтан оларды алыс қашықтыққа тасымалдау әрдайым тиімді бола бермейді. Отандық өндірістік базаның болуы пациенттердің заманауи диагностикалық әдістерге қолжетімділігін арттырып, ал болашақта радионуклидтік емдеу әдістерін дамытуға мүмкіндік береді.

Алынған нәтиже 18F-MISO өндірісінің технологиясын одан әрі жетілдіруге және оны 2026 жылдың соңына дейін ПЭТ-диагностика тәжірибесіне енгізуге негіз болады.

«Радиофармацевтикалық препараттар номенклатурасын кеңейту – Қазақстанда заманауи ядролық медицина мен тераностиканы дамыту бағыттарының бірі. Тераностика дәл диагностиканы нысанаға бағытталған радионуклидтік емдеумен ұштастырады.

Пациенттер үшін бұл – онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи, дәлдігі жоғары әдістерінің Қазақстан аумағында қолжетімділігін кезең-кезеңімен арттыру деген сөз», – деп атап өтті Индира Тлеулесова.