ТМД Бас хатшысы С. Лебедев Қазақстан Республикасында өткен «Онкологиялық көмектің жаңа көкжиектері. Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық – болашақтың озық технологиялары» атты халықаралық конференцияға қатысушыларға құттықтау жолдады

Форум қатысушыларына құттықтау сөзін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Бас хатшысы Сергей Лебедев жолдады.

Құттықтау хатында Қазақстан Республикасы онкология саласында әсерлі жетістіктерге жетіп отырғаны атап өткен. Онкологиялық аурулардан өлім-жітім деңгейі тұрақты түрде төмендеп келеді, науқастардың бес жылдық өмір сүру көрсеткіші артты, ең заманауи жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған жаңа онкологиялық орталықтар салынуда.

«Бүгінгі Конференция аясында Қазақстан Республикасы бүкіл әлем мамандарын – қатерлі ісікке қарсы күреске және онкологиялық науқастардың өмір сапасы мен ұзақтығын арттыруға үлес қосып жатқан барша адамдарды біріктіріп отыр. Ядролық физиктер, химиктер, генетиктер, математиктер, дәрі-дәрмек пен жабдық өндірушілер ғалымдармен, дәрігерлермен, денсаулық сақтау ұйымдастырушыларымен және билік өкілдерімен бірге онкология саласындағы жаңа тәсілдер мен ғылыми жетістіктерді талқылауда», – делінген құттықтау мәтінінде.

Сергей Лебедев онкология және оған іргелес кәсіби салалардың даму үрдістерін айқындауға ТМД елдері, Таяу Шығыс, Азия, Еуропа және АҚШ мамандарының заманауи ғылыми білімдері, инновациялық технологиялары мен бірегей тәжірибелері ұсынылатын конференцияның мазмұнды бағдарламасы мен кешенді көзқарасы зор ықпал етеді деген сенімін білдірді.

«Медицинаның шекарасы жоқ, тілдік кедергілері де жоқ, медицинаның бір ғана мақсаты бар – әлемдегі әрбір адамның өмірін сақтау», – деді ТМД Бас хатшысы.

Сергей Лебедев сондай-ақ, онкология саласында ТМД-ға мүше мемлекеттердің базалық ұйымы аясында мамандар арасындағы өзара іс-қимыл тәжірибесі онкология саласындағы бүкіл медициналық қауымдастықтың ерекше назарын және жоғары бағасын лайықты түрде иеленгенін атап өтті. Бұл ынтымақтастықтың маңызды құрамдас бөлігі – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мен Еуразия елдерінің онкологтары мен радиологтарының съезі.

Оның пікірінше, Конференция қатысушыларға іргелі зерттеулер мен жоғары технологиялық прогрестің соңғы жетістіктерімен, заманауи ядролық медицинаның мүмкіндіктерімен және озық емдеу әдістерімен танысуға тамаша мүмкіндік береді. Мұның бәрі онкологиялық көмекті тек ТМД мемлекеттерінде ғана емес, бүкіл әлемде жетілдіруге ықпал етеді.