Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус бастаған халықаралық делегация арнайы келді. Бұл сапар өңірлік экологиялық саммит аясында өтіп, денсаулық сақтау саласындағы халықаралық әріптестікті нығайту жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды.
Қонақтарға орталықтың жаңа корпусы таныстырылды. Мұнда онкологиялық көмектің толық циклі қамтылған: радиофармпрепараттар өндіруден бастап, жоғары технологиялы ем жүргізуге дейінгі барлық кезең бір жүйеге біріктірілген. Әсіресе ядролық медицинаны дамыту мен қатерлі ісікті ерте анықтауға мүмкіндік беретін заманауи диагностикалық тәсілдерге басымдық берілді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша орталықта 150 мыңға жуық адам диагностикалық тексеруден өткен. 14 мыңнан астам науқас стационарлық ем алған. 6 760 ота жасалып, 270-ке жуық ағза және сүйек кемігі трансплантациясы жүргізілген.
Сапар бағдарламасының негізгі бөлігі – Орталық Азияда теңдесі жоқ Протондық терапия орталығын аралау болды. Делегацияға ісікті аса жоғары дәлдікпен сәулелендіру мүмкіндіктері көрсетілді. Бұл әдіс сәулені тек ісікке бағыттап, сау тіндерге түсетін жүктемені барынша азайтуға мүмкіндік береді. Әсіресе мұндай тәсіл балаларды емдеуде және ісіктің күрделі орналасу жағдайларында аса тиімді.
Бүгінде протондық терапия орталықта тәжірибеде қолданылып, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында ұсынылатын жоғары технологиялы қызметтердің қатарына енгізілген. Ұлттық ғылыми онкология орталығы кезең-кезеңімен өз мүмкіндіктерін кеңейтіп, Орталық Азия елдері мен өзге де мемлекеттерден келетін пациенттерге мамандандырылған көмек көрсететін өңірлік алаң ретінде қалыптасып келеді.
Сапар барысында халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері де талқыланды. Орталық радиациялық онкология мен ядролық медицинаны дамыту бағытында МАГАТЭ-мен тығыз жұмыс жүргізіп келеді. Сонымен қатар, өз базасында «якорлық орталық» (Anchor center) қалыптастыру жұмыстары жалғасуда.
ДДСҰ басшысы бастаған делегацияның сапары Қазақстандағы жоғары технологиялы онкологиялық көмектің дамуына халықаралық қауымдастықтың қызығушылығы жоғары екенін көрсетті. Бұл еліміздің Орталық Азиядағы медициналық хаб ретіндегі әлеуетін одан әрі нығайта түсті.
