Көмей қатерлі ісігін емдеудің заманауи әдісі - сәулелік терапия

Қамидолла Құрманов жұбайы Күлаш Кенжебаевамен бірге Ақтау қаласынан Ұлттық ғылыми онкология орталығына келді. Науқасқа көмей қатерлі ісігінің I сатысы диагнозы қойылған.

Негізгі ем ретінде EDGE желілік үдеткішінде сәулелік терапия тағайындалды. Емдеу тактикасы мамандардың консилиумы қорытындысы бойынша әр пациентке жеке таңдалады. Қамидолла аға сәулелік терапияның 35 сеансын қабылдады.

EDGE жүйесі сәулеленудің қажетті дозасын ісік ошағына жоғары дәлдікпен бағыттап, айналасындағы сау тіндер мен өмірлік маңызы бар құрылымдарға түсетін жүктемені барынша азайтуға мүмкіндік береді. Көмей ісіктерін емдеуде мұндай дәлдіктің маңызы ерекше. Себебі бұл тәсіл ісікке әсер етумен қатар, мүмкіндігінше көмейдің негізгі қызметтерін — дауыс шығару, жұтыну және тыныс алу функцияларын сақтауға мүмкіндік береді.

Ұлттық ғылыми онкология орталығының радиациялық онкологы Сая Урманованың айтуынша, аурудың бастапқы, яғни I сатысында анықталуы емнің нәтижесі мен болжамы үшін қолайлы фактор болып саналады. Емдеу курсы аяқталғаннан кейін 6–7 аптадан соң пациент бақылау тексерулерінен өтеді. Атап айтқанда, компьютерлік томография және ларингоскопия жасалады. Бұл зерттеулер жүргізілген емнің нәтижесін бағалауға мүмкіндік береді.

Емдеу курсын аяқтаған Қамидолла аға мен жұбайы Күлаш Кенжебаева толқынысын жасыра алмады. Көздеріне жас алып, олар дәрігерлерге, медицина қызметкерлеріне және Ұлттық ғылыми онкология орталығының барша ұжымына көрсеткен көмегі, қамқорлығы мен қолдауы үшін алғыстарын білдірді.