Панкреатикалық хирургия саласындағы жетекші мамандардың бірі, 42 жылдық хирургиялық тәжірибесі бар, оның ішінде 20 жылдан астам уақытын ұйқы безі хирургиясына арнаған Вячеслав Егоров Ұлттық ғылыми онкология орталығындағы онкохирургияның деңгейіне жоғары баға берді.
Жыл сайын маман 100-ге жуық операция жасайды. Оның ішінде ұйқы безіне жасалатын 30-дан 60-қа дейінгі резекция бар. Бұл органды сақтап қалуға бағытталған операциялардан бастап, бірнеше ағзаға бір мезгілде жасалатын және қан тамырларын қамтитын ең күрделі хирургиялық араласуларға дейінгі операцияларды қамтиды.
Сарапшы Орталықтың заманауи жабдықталуымен және радиациялық онкология бөлімінің мүмкіндіктерімен қатар, күрделі хирургия бағытындағы әлеуетіне де ерекше тоқталды. Атап айтқанда, гепатопанкреатобилиарлық хирургия мен ағза трансплантациясы саласындағы жұмыстарды атап өтті.
«Мені хирургиялық қызметтің жетістіктері, гепатопанкреатобилиарлық және трансплантациялық хирургия бөлімінің жұмысы, бауыр мен бүйрек трансплантацияларының саны мен сапасы ерекше таңғалдырды. Бұл өте маңызды. Өйткені күрделі хирургия – ірі медициналық және онкологиялық орталықтарда көрсетілетін медициналық көмектің сапасын бағалаудағы негізгі өлшемдердің бірі», – деді Вячеслав Егоров.
Сарапшының айтуынша, ең заманауи медициналық құрал-жабдықтардың өзі уақыт өте келе ескіруі мүмкін. Ал медициналық орталықтың қауіпсіз әрі күрделі онкохирургиялық көмекті жоғары деңгейде тұрақты көрсете алуы оның жұмыс сапасының маңызды көрсеткіштерінің бірі болып қала береді. Бұл, әсіресе, ұйқы безі, бауыр, өңеш және өкпеге жасалатын күрделі операцияларға қатысты.
Бұл тақырып Onco Future Kazakhstan 2026 конференциясының бағдарламасында да маңызды орын алды. Конференция аясында асқазан-ішек жолының төменгі бөлімдерінің онкологиясына арналған арнайы секция ұйымдастырылды. Секцияға Қазақстанның және шетелдің жетекші мамандары қатысып, онкологиялық ауруларды хирургиялық емдеудің заманауи тәсілдерін, күрделі клиникалық жағдайларды және жоғары технологиялық онкохирургияны дамыту мәселелерін талқылады.
