Ұлттық ғылыми онкология орталығы медициналық технологиялар саласындағы әлемдік жетекші компания — Medtronic-пен стратегиялық меморандумға қол қойды.
Бұл құжат онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуге заманауи шешімдерді енгізуге, клиникалық тәжірибені дамытуға және орталық мамандарының біліктілігін арттыруға бағытталған. Ынтымақтастық аясында бірқатар бірлескен пилоттық жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олардың ішінде — колоректалды обырға скрининг жүргізу бағдарламалары, сондай-ақ инновациялық эндоскопиялық және хирургиялық әдістерді енгізу бар.
«Біз Қазақстандағы онкологиялық көмекті дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатын маңызды құжатқа қол қойып отырмыз. Medtronic компаниясымен бірлескен жұмыс еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне айтарлықтай нәтиже береді деп сенемін», — деді ҰҒОО Басқарма төрағасы Жандос Бүркітбаев.
Medtronic компаниясы клиникалық зерттеулер мен медициналық білім беруге белсенді инвестиция салып, әлемнің жетекші ауруханаларымен серіктестік орнату арқылы озық медициналық технологиялардың қолжетімділігін арттырып келеді. Осындай өзара әрекеттестік тиімді шешімдерді тезірек енгізуге және клиникалық үдерістердің нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік береді.
