Ұлттық ғылыми онкология орталығына Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімшесі мен Новосібір қаласының ғылыми, медициналық және технологиялық ұйымдарының өкілдерінен құралған делегация келді.

Қонақтар радиациялық технологиялар орталығының қызметімен танысып, оның құрамына кіретін сәулелік және протондық терапия бағыттарын, сондай-ақ эксперттік эндоскопия мен интервенциялық радиология бөлімшелерін аралап көрді.


Сапар барысында орталықтың бірегей жұмыс тәсіліне ерекше назар аударылды. Мұнда барлығы үйлесімді түрде жүйеленген: заманауи жоғары технологиялық жабдықтар, халықаралық клиникалық хаттамалар және мамандарды жүйелі даярлау. Осындай кешенді тәсіл делегацияның жоғары бағасын алып, екіжақты ынтымақтастықтың болашағын талқылауға негіз болды.


Кездесу аясында тәжірибе алмасу, ғылыми әріптестік пен ядролық медицинаны дамыту бойынша ортақ мақсаттар айқындалды. Тараптар академиялық ғылым, жоғары білім және заманауи медициналық тәжірибені біріктіретін өзара іс-қимыл моделін қалыптастыруға ниетті екендерін атап өтті.


Бұл сапар ресейлік ғылыми құрылымдар мен қазақстандық онкологиялық кластер арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастауға негіз болмақ. Алдағы жоспарларда — бірлескен ғылыми жобалар, білім беру бастамалары және технологиялық әріптестікті дамыту көзделген.