Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) Бас директоры Рафаэль Гросси 17 қарашада Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстанның Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Ермек Көшербаевпен кездесуі туралы жарияланым жасады. Кездесу барысында Қазақстанның жаңа елшісі сенім грамоталарын тапсырған.
Қазақстанмен атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы сөз қозғаған Рафаэль Гросси онкологиялық көмек көрсету бағытындағы әріптестікті дамыту мүмкіндіктеріне де тоқталып, Ұлттық ғылыми онкология орталығын (ҰҒОО) атап өтті.
Атап айтқанда, МАГАТЭ-нің Rays of Hope бастамасы аясында ҰҒОО-ға IAEA Anchor Centre мәртебесін беру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.
Rays of Hope бастамасы әлем елдерінде заманауи сәулелік терапияның қолжетімділігін арттыруға, онкологиялық қызметтің инфрақұрылымын дамытуға және осы саладағы мамандардың кәсіби әлеуетін нығайтуға бағытталған.
МАГАТЭ-мен ынтымақтастық Қазақстанның онкологиялық қызметін дамытуға, ауруларды диагностикалау мен емдеудің озық технологияларын енгізуге, білікті мамандар даярлауға және халықаралық тәжірибе алмасуды кеңейтуге жол ашады.
Ұлттық ғылыми онкология орталығы да онкологиялық көмек көрсетудің жоғары технологиялық бағыттарын жүйелі түрде дамытып келеді. Соның айқын дәлелдерінің бірі – Орталық Азиядағы алғашқы әрі әзірге жалғыз Протондық терапия орталығының ашылуы. Бұл – қатерлі ісікке шалдыққан науқастарды жоғары дәлдікпен емдеу мүмкіндігін кеңейткен маңызды қадам.
МАГАТЭ Бас директорының жарияланымында ҰҒОО-ның аталуы – Орталықтың халықаралық деңгейдегі маңызын және Қазақстанның онкологиялық қызметін дамытудағы әлеуетін айқындайтын маңызды жайт. Бұл ретте МАГАТЭ-мен әріптестікті одан әрі нығайту отандық онкология саласының жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады.
