Қазақстанның радиациялық онкология мен ядролық медицина салаларын дамытудағы тәжірибесі Венада өткен МАГАТЭ-нің 2026 жылғы Ғылыми форумында таныстырылды.
Биылғы форум әлемнің әртүрлі елдерінде онкологиялық ауруларды заманауи диагностикалау мен емдеуге қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған «Rays of Hope» («Лучи надежды») бастамасына арналды.
16 қыркүйекте Ұлттық ғылыми онкология орталығы Радиациялық технологиялар орталығының жетекшісі Индира Тлеулесова «Ұлттық әлеуеттен өңірлік ресурсқа дейін: Орталық Азия үшін Қазақстандағы радиациялық онкология мен ядролық медицинаны дамыту» тақырыбында баяндама жасады.
Ол Қазақстанда радиациялық онкология мен ядролық медицинаның заманауи инфрақұрылымын дамыту, протондық терапияны енгізу, сондай-ақ өз технологиялық және кадрлық әлеуетін қалыптастыру бағытындағы тәжірибені таныстырды.
Баяндамада елімізде атқарылған жұмыстармен қатар, жинақталған тәжірибені келесі кезеңде кәсіби ынтымақтастықты дамытуға, мамандар даярлауға және Орталық Азия елдерімен білім мен тәжірибе алмасуға пайдалану мүмкіндіктері де сөз болды.
Ғылыми форумға МАГАТЭ-нің Якорлық орталықтарының өкілдері, халықаралық сарапшылар, онкология және радиациялық медицина саласының мамандары қатысты. Қатысушылар әр елде онкологиялық көмекті дамыту тәжірибесімен бөлісіп, кадр даярлау, жаңа технологияларды енгізу және өңірлік құзырет орталықтарын дамыту мәселелерін талқылады.
ҰҒОО-ның Ғылыми форумға қатысуы Қазақстанның жетістіктерін халықаралық кәсіби қауымдастыққа таныстыруға, сондай-ақ еліміздің Орталық Азияда радиациялық онкология мен ядролық медицинаны одан әрі дамытудағы әлеуетін көрсетуге мүмкіндік берді.
