«Қазақстан Республикасындағы онкологиялық көмектің жаңа белестері.

«Қазақстан Республикасындағы онкологиялық көмектің жаңа белестері. ҰҒОО – болашақтағы озық технологиялар ордасы» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жалғасуда.

Бүгін конференция аясында онкологиядағы ең күрделі әрі сирек кездесетін бағыттардың бірі – бас және мойын ісіктері тақырыбына ерекше назар аударылды. Арнайы секцияда бассүйек негізі ісіктеріне заманауи хирургиялық тәсілдер; самай сүйегінің пирамидасы ісіктерін емдеу тактикасы: тәуекелдер мен мүмкіндіктер; жоғарғы жақ сүйегін кеңейте отырып резекциялаудың КТ-негіздемесі; көмейге СО2-лазерді қолдана отырып жасалатын операциялар; қалқанша бездің папиллярлы микрокарциномасы кезінде белсенді бақылау мен хирургиялық араласу арасындағы таңдау жөнінде баяндамалар жасалды.

«Биылғы сарапшылар құрамы расымен де сәтті шықты. Жапония, Үндістан, Қытай, Қырғызстан, Бангладеш елдерінен келген мамандар, сондай-ақ Мәскеуден келген жетекші қайта қалпына келтіру хирурги өз тәжірибелерімен бөлісуде. АҚШ-та жұмыс істеп жүрген жерлесіміз Даурен Әділбай да онлайн режимде сөз сөйледі. Бас пен мойын ісіктері онкологиялық патологиялардың шамамен 7%-ын ғана құрағанымен, бұл саладағы білім мен тәжірибенің құндылығын асыра бағалау мүмкін емес. Осы себепті, клиникалық тәжірибесі мол елдердің мамандарының қатысуы аса маңызды – олар күн сайын ондаған ота жасап, өз тәжірибелерін ашық бөліседі», – деді медицина ғылымдарының кандидаты, ҰҒО бас және мойын ісіктері секторының аға ординаторы Болат Жарылқасынұлы Шалабаев.

Қазақстандық дәрігерлер де жоғары деңгей көрсете білді: Ұлттық ғылыми онкология орталығында диагноз қоюдан бастап қайта қалпына келтіру хирургиясына дейінгі толық циклді жүзеге асыруға барлық жағдай жасалған. Шетелдік әріптестердің бірі атап өткендей: «Сіздерде бәрін бір жерден, әрі ең жоғары деңгейде жасауға болады».