ҰҒОО мен ҚФК өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды

Бұл құжат серіктестік қатынастарды дамытуға және онкология саласындағы отандық фармацевтикалық әлеуетті нығайтуға бағытталған.


Меморандум науқастардың қажетті дәрілік заттарға үздіксіз қол жеткізуін қамтамасыз ету, ғылыми-зерттеу бастамаларына қатысу, препараттардың жергілікті өндірісін дамыту, сондай-ақ клиникалық практикаға инновациялық шешімдер мен заманауи технологияларды енгізу жөніндегі бірлескен жұмысты көздейді.


Ұлттық ғылыми онкология орталығының Басқарма төрағасы Жандос Буркитбаев келісім мемлекеттік медициналық ұйымдар мен отандық өндірушілер арасындағы өзара әрекеттестікті кеңейтуді көздейтінін атап өтті: 


«Қарағанды фармацевтикалық кешенімен ынтымақтастық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тұрақтылығын арттыруға және онкологиялық қызметке инновацияларды енгізу мүмкіндіктерін кеңейтуге негіз болады. Бұл серіктестік науқастар үшін де, бүкіл денсаулық сақтау жүйесі үшін де маңызды нәтижелер әкелетініне сенімдіміз», – деді.


Қарағанды фармацевтикалық кешенінің Бас директоры Сергей Барон компанияның ҰҒОО-мен ынтымақтастықты стратегиялық бағыт ретінде қарастыратынын, оның отандық өндірісті дамытуға және ұлттық медициналық ғылымды қолдауға бағытталғанын айтты.


Меморандум локалды фармацевтикалық өндірісті дамытуға, заманауи дәрілік препараттардың қолжетімділігін арттыруға және Қазақстандағы онкологиялық көмек сапасын одан әрі жетілдіруге бағытталған жалпы саяси курсқа сәйкес келеді.