«Қазақстан Республикасындағы онкологиялық көмектің жаңа белестері. ҰҒОО— болашақтың озық технологиялары» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында Ұлттық ғылыми онкология орталығының Басқарма төрағасы Жандос Бүркітбаев бірқатар шетелдік ұйымдармен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.
Аталған келісімдердің тараптары — Үнді клиникалық онкология қоғамы (Indian Society of Clinical Oncology), Орталық және Шығыс Еуропа онкология академиясы (Central and Eastern European Academy of Oncology), сондай-ақ Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық онкология және гематология орталығы болды.
Меморандумдар бірлескен ғылыми және білім беру жобаларын дамытуға, тәжірибе алмасуға, сондай-ақ онкологиялық көмектің аймақтық және халықаралық деңгейде сапасын арттыруға бағытталған.
Аталған меморандумға қол қою кәсіби ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашып, инновацияларды енгізуге және онкология саласындағы білікті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, 2019 жылдан бастап 32 халықаралық меморандумға қол қойылған.
