ҰҒОО ұлттық аккредитацияда жоғары санатқа ие болды

Ұлттық ғылыми онкология орталығы сыртқы кешенді бағалаудан сәтті өтіп, 2026–2029 жылдарға арналған аккредитацияның жоғары санатын иеленді.


Бағалау 16–18 наурыз аралығында жүргізіліп, орталық қызметінің барлық негізгі бағыттарын қамтыды: клиникалық жұмыстан бастап басқару үдерістері, қауіпсіздік пен медициналық көмектің сапасына дейін жан-жақты тексерілді. Нәтижесінде сарапшылар ҰҒОО қызметінің ұлттық стандарттарға толық сәйкес келетінін растады.


Сарапшылар тарапынан орталықтың соңғы жылдардағы даму динамикасына ерекше назар аударылды. Бұған дейін аккредитация ескі ғимарат жағдайында өтсе, бұл жолы бағалау заманауи талаптарға сай жаңа кешен базасында жүргізілді.


Жаңа кешеннің іске қосылуы медициналық қызмет түрлерін кеңейтуге, ғылыми және білім беру бағыттарын күшейтуге, сондай-ақ мамандандырылған көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді.


ҰҒОО – клиникалық тәжірибе, ғылым және білім беруді ұштастырған, елдегі онкологиялық қызметті дамытудың жетекші орталықтарының бірі.


Жоғары санаттағы аккредитация орталықтың мәртебесін нығайтып қана қоймай, медициналық көмектің сапасын одан әрі арттыруға және қызмет тиімділігін жетілдіруге бағыт береді.