Албанияның жаңа елшісі Ұлттық онкология орталығының жұмысымен танысты

Бүгін Қазақстандағы Албания Республикасының жаңа елшісі Блерта Кадзадеш Қазақстанның Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығына келді. 

Кездесу барысында орталықтың басқарма төрағасы Жандос Буркітбаевпен медицина саласындағы серіктестік перспективалары және екі елдің онкология саласындағы жетістіктері талқыланды.  

«Орталықтың қызметі онкологиялық аурулары бар пациенттерге кешенді медициналық көмек көрсетуге бағытталған. Өткен жылдың желтоқсан айында жаңа ғимаратқа көштік және жыл сайын 15 мыңға жуық пациентті қабылдауды жоспарлап отырмыз», — деп атап өтті Жандос Буркитбаев.  

Сонымен қатар, Блерта Кадзадеш Радиациялық қызметтер орталығын, сәулелік және протондық терапия бөлімдерін, заманауи жоғары технологиялық жабдықтар: BRAVOS, Edge, TrueBeam STx, Ethos құралдарымен танысты.  

Елші орталықтың жабдықталуын және оның архитектуралық ерекшеліктерін жоғары бағалады.  

«Біз ҰҒОО-тың қызметіне үлкен қызығушылық танытамыз. Мұнда көрсетілетін қызмет деңгейі мен жағдайлары халықаралық стандарттарға сай. Біз серіктестік пен диалогқа ашықпыз», — деп атап өтті Блерта Кадзадеш.