ҰҒОО мен Erasmus MC ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылады

Ұлттық ғылыми онкология орталығында Еуропаның жетекші университеттік медициналық орталықтарының бірі – Нидерландтың Роттердам қаласындағы Erasmus MC университеттік медициналық орталығы өкілдерімен кездесу өтті.

Кездесудің негізгі тақырыбы ҰҒОО-ның гепатопанкреатобилиарлық хирургия, онкогепатология және ағзаларды трансплантациялау орталығымен өзара ынтымақтастық орнату және оны дамыту мүмкіндіктері болды.

Тараптар кәсіби байланысты нығайту, клиникалық тәжірибе алмасу, сондай-ақ гепатология, онкология және хирургия бағыттарындағы ғылыми байланыстарды дамыту мәселелерін талқылады.

Басты назар өзара түсіністік туралы меморандум жасасу мүмкіндіктеріне, мамандардың тағылымдамадан өтуі мен кәсіби білімін жетілдіруін ұйымдастыруға, сондай-ақ бірлескен ғылыми-білім беру бастамаларын жүзеге асыруға аударылды.