ҰҒОО мен United Imaging Healthcare медициналық технологиялар саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады

Ұлттық ғылыми онкология орталығында (ҰҒОО) медициналық жабдықтар мен визуализация технологияларын өндіретін Қытайдың жетекші компанияларының бірі – United Imaging Healthcare (UIH) делегациясымен кездесу өтті. Компания делегациясын бас атқарушы директоры, доктор Ал Чжан бастап келді.

Кездесу барысында UIH өкілдері ҰҒОО басшылығына компанияның әзірлемелері мен науқастарды диагностикалау және емдеуге арналған заманауи технологиялық шешімдерін таныстырды.

Тараптар медициналық технологияларды енгізу, диагностикалық мүмкіндіктерді кеңейту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру, тәжірибе алмасу және мамандардың біліктілігін арттыру бағыттарындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылады.

Сапар аясында делегация ҰҒОО-ның Радиациялық технологиялар орталығын аралады. Қонақтар орталықтың инфрақұрылымымен, сәулелік терапия мен ядролық медицинада қолданылатын заманауи жабдықтарымен танысты.