Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың психологиялық қолдау секторының аға ординаторы Бұлбұл Азанова онкологиялық диагнозды қабылдаудың маңыздылығы туралы айтты.
Диагноз қойылған кезде науқастар әртүрлі реакция танытады. Алдымен шок кезеңі болады – біреулерде бірнеше күн, кейбірінде бірнеше айға созылады. Кейін депрессия кезеңі болуы мүмкін. Ал қабылдау (принятие) бәрінде бірдей бола бермейді: біреулер келіседі, ал біреулер жоққа шығарумен өмір сүреді.
«2020 жылы жас қызға алғашқы сатыда диагноз қойылған еді, ол сенбей ем қабылдамай жүріп қалды. Екі жылдан соң төртінші сатыда оралды. Сондықтан біз әр пациентке диагнозбен өмір сүруге бейімделуге көмектесеміз. Бұл жолды жалғыз еңсеру қиын», – дейді маман.
Бұлбұл Азанованың айтуынша, психологиялық қолдау – сапалы өмірдің маңызды бөлігі:
«Онкология – үкім емес. Бұл дертті жеңу үшін дәрігердің кеңесін тыңдап, емді үзбеу қажет. Біз пациенттерге сабыр сақтауды, қорқынышты азайтуды, өмірге бейімделуді үйретеміз. Реалистік ойлау – ауруды жеңілдетудің және сапалы өмірді сақтаудың негізгі жолы».
ҰҒОО-да онкологиялық науқастар мен олардың туыстарына психологиялық қолдау «ашық есік» форматында көрсетіледі. Бұл тәжірибенің тиімділігі бүкіл әлемде дәлелденген.
