Ұлттық ғылыми онкология орталығында халықаралық фармацевтикалық medac GmbH компаниясының өкілдерімен келіссөз өтті. Тараптар онкология және онкогематология салаларындағы өзара ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Қазіргі таңда онкология саласындағы ілгерілеу халықаралық әріптестік, клиникалық тәжірибе алмасу және емдеудің озық тәсілдерін енгізумен тығыз байланысты. Сондықтан тараптар кәсіби ықпалдастықты кеңейтуге, ғылыми және білім беру бағытындағы бірлескен бастамаларды дамытуға ерекше назар аударды.
Қонақтарды Ұлттық ғылыми онкология орталығының Басқарма төрағасы Жандос Бүркітбаев қарсы алды. Medac GmbH делегациясының құрамында компанияның Азия-Тынық мұхиты аймағы, Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдері бойынша вице-президенті әрі өңірлік басшысы Христиан Сток, сондай-ақ Орталық Азия, Ресей және Кавказ елдері бойынша бизнес-серіктестік менеджері Дзинтарс Яунземс болды.
Тараптар онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерін, медицина мамандарына арналған білім беру бастамаларын, ғылыми ынтымақтастық мүмкіндіктерін және пациенттерді дәрілік қамтамасыз ету сапасын арттыру мәселелерін талқылады.
Келіссөздер нәтижесінде Ұлттық ғылыми онкология орталығы мен medac GmbH компаниясы арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Құжат бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын жүзеге асыруға, кәсіби тәжірибе алмасуға және денсаулық сақтау саласындағы ұзақмерзімді серіктестікті дамытуға негіз болады.
Мұндай халықаралық әріптестік озық тәжірибелерді енгізуге, мамандардың кәсіби әлеуетін арттыруға және Қазақстандағы онкологиялық көмектің сапасын жетілдіруге мүмкіндік береді.
