2026 жылдың 14–18 қыркүйек аралығында Вена қаласында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) 70-ші Бас конференциясы өтті. Жиын жұмысына Ұлттық ғылыми онкология орталығының делегациясы қатысты.
Конференция аясындағы маңызды оқиғалардың бірі – ҰҒОО-ның МАГАТЭ Бас конференциясы аясында алғаш рет жеке сайд-ивент өткізуі болды.
16 қыркүйекте Ұлттық ғылыми онкология орталығы Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығымен бірлесіп, МАГАТЭ Бас конференциясы аясында «Қазақстандағы онкологиялық көмекті дамыту: радиофармпрепараттар өндірісінен протондық терапияға дейін» тақырыбында өз сайд-ивентін өткізді.
Іс-шарада МАГАТЭ Техникалық ынтымақтастық департаментінің Еуропа және Орталық Азия дивизионының директоры Jing Zhang және Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігі төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин құттықтау сөз сөйледі.
ҰҒОО Басқарма төрағасы Жандос Бүркітбаев «NROC as a National Platform for Advanced Cancer Care» тақырыбында баяндама жасап, Қазақстанда онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің озық әдістерін дамыту және енгізудегі Орталықтың рөліне тоқталды.
Іс-шара барысында ҰҒОО мен МАГАТЭ арасындағы ынтымақтастыққа да ерекше назар аударылды. 2025 жылдан бастап екі ұйым арасындағы өзара іс-қимыл жаңа деңгейге көтеріліп, 2026 жылғы 26 мамырда ҰҒОО мен МАГАТЭ Орталықтың одан әрі дамуына және болашақта МАГАТЭ-нің Якорлық орталығы (Anchor Centre) мәртебесін алуына бағытталған практикалық келісімдерге қол қойды.
МАГАТЭ Адам денсаулығы бөлімінің директоры Мэй Абдель-Вахаб «Rays of Hope» («Үміт сәулесі») жаһандық бастамасы және оның Якорлық орталықтар желісінің жұмысы туралы айтып берді. ҰҒОО аталған бастамаға қосылып, болашақта заманауи онкологиялық көмек көрсету саласындағы білім, тәжірибе және технологиялар алмасуға мүмкіндік беретін өңірлік орталыққа айналуды көздейді.
ҰҒОО Радиациялық технологиялар орталығының жетекшісі Индира Тлеулесова радиофармпрепараттар өндірісінен бастап ядролық медицина әдістерін қолдану, жоғары дәлдіктегі сәулелік және протондық терапияға дейінгі толық технологиялық циклді дамыту бағытындағы Орталықтың тәжірибесімен бөлісті.
Ал Қазақстанда тераностикаға арналған радиоизотоптар өндірісінің мүмкіндіктері мен перспективалары туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары Асхат Бекбаев баяндады.
МАГАТЭ Бас конференциясы алаңында ҰҒОО-ның жеке іс-шарасын өткізуі – халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жасалған кезекті қадам. Сондай-ақ бұл Қазақстанның ядролық медицина және радиациялық онкология саласындағы тәжірибесін халықаралық кәсіби қауымдастыққа таныстыруға мүмкіндік берді.
