ҰҒОО-да Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясындағы денсаулық сақтау саласына қатысты нормаларды түсіндіруге арналған кездесу өтті

«Азаматтар төлемейтін медициналық көмек» нені білдіреді және денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік кепілдіктер сақтала ма?


Осы мәселелер ҰҒОО-да өткен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясындағы денсаулық сақтау саласына қатысты нормаларды түсіндіруге арналған кездесуде талқыланды.


ҰҒОО құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Тота Қасымжанова қызметкерлерді 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған Конституцияның негізгі ережелерімен таныстырды.


Еліміздің жаңартылған Ата Заңында азаматтардың денсаулығын қорғау құқығы, медициналық көмекті азаматтардың тікелей төлемінсіз алу мүмкіндігі, сондай-ақ заңнамада белгіленген тәртіппен ақылы медициналық қызметтерді пайдалану құқығы бекітілген.


Кездесу барысында «азаматтар төлемейтін медициналық көмек» ұғымына ерекше тоқталды. Мамандар бұл норманың медицинаның толықтай ақылы жүйеге көшетінін білдірмейтінін атап өтті. Медициналық көмек бұрынғыдай мемлекеттік бюджет, МӘМС жүйесі және заңда көзделген өзге де қаржы көздері, соның ішінде қайырымдылық пен халықаралық ұйымдардың қаражаты есебінен қаржыландырылады.