Бүгін 20-дан астам пациент онкоколопроктолог дәрігерлердің кеңесін алып, қауіп факторлары мен ерте диагностиканың заманауи мүмкіндіктері туралы ақпарат алды. Сонымен қатар, оларға алдағы тексерулерге қатысты нақты ұсынымдар берілді.
Соңғы жылдары колоректалды қатерлі ісік 50 жасқа дейінгі адамдар арасында жиі анықталып келеді. Бұрын бұл дерт егде жастағыларға тән деп есептелсе, бүгінде оның жасарып бара жатқаны – әлем мамандары айтып отырған тұрақты үрдіс.
Мәселенің басты себептерінің бірі – аурудың кеш анықталуы. Жас пациенттер скринингтен сирек өтеді, ал алғашқы белгілер көбіне ескерусіз қалып немесе басқа себептермен байланыстырылып жатады. Сондықтан алдын алу мен халықтың хабардарлығын арттыру аса маңызды.
ҰҒОО мамандары назар аударуды қажет ететін белгілерді еске салады: нәжіс сипатының өзгеруі, нәжісте қанның болуы, іштің ауыруы, әлсіздік және себепсіз салмақ жоғалту. Бұл міндетті түрде қатерлі ісік дегенді білдірмейді, алайда дер кезінде дәрігерге қаралуға негіз болатын маңызды белгілер.
