Ұлттық ғылыми онкология орталығында жатыр мойны қатерлі ісігі диагнозы қойылған 33 жастағы пациентке заманауи брахитерапия технологияларын қолдана отырып, кешенді ем жүргізілді. Дерт морфологиялық тұрғыда нақтыланғаннан кейін, пациент алдымен стандартты кезеңнен – сыртқы сәулелік химиотерапиядан өтті. Бұдан соң емнің екінші кезеңі ретінде брахитерапияға көшу туралы шешім қабылданды.
«Сыртқы сәулелік терапия аяқталғаннан кейін біз кіші жамбас ағзаларына МРТ жасаймыз. Осы арқылы алғашқы кезеңнің нәтижесін бағалап, ісіктің қалған көлемін анықтаймыз және келесі кезең – брахитерапияны жоспарлаймыз», – дейді ҰҒОО радиациялық онкологы Ғайни Олжатаева.
Орталықта 1,5 Тесла қуаттылығындағы МРТ-симулятор қолданылады. Бұл құрылғы ісікті жоғары дәлдікпен бейнелеуге мүмкіндік беріп, 3D-брахитерапияны жоспарлауда маңызды стандарт саналады. Компьютерлік томографиямен салыстырғанда, МРТ ісіктің шекарасын айқынырақ көрсетеді. Соның нәтижесінде сәулелендіру көлемі нақты анықталып, сау ағзаларды қорғау деңгейі артады.
Ем үдерісінде пациенттің бір қалыпта орналасуын сақтайтын арнайы тасымалдау жүйесі қолданылады. Бұл топометриядан бастап сәулелік ем жүргізілгенге дейін аппликаторлардың ығысуына жол бермей, сәулелік дозаның дәл жеткізілуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, вакуумдық жастықша пайдаланылады. Ол диагностикалық және емдік кезеңдер арасында пациентті қауіпсіз тасымалдауға мүмкіндік беріп, медицина қызметкерлеріне түсетін физикалық жүктемені азайтады.
Пациент халықаралық Embrace II хаттамасы бойынша ем алды: алғашқы кезеңде – химиосәулелік терапия, екінші кезеңде – брахитерапия жүргізілді. Екі кезеңнің жалпы ұзақтығы шамамен 50 күнді құрайды.
«Ем аяқталғаннан кейін үш ай өткен соң контрастпен жасалған бақылау МРТ-да ісік анықталмады. Біз толық регрессияны тіркедік», – деп атап өтті дәрігер.
Алдағы уақытта орталықта гибридті брахитерапияны енгізу жоспарланып отыр. Бұл – ісікке ішкі қуыс арқылы және тікелей тін ішіне әсер етуді біріктіретін әдіс. Әсіресе ісік параметрий тіндеріне таралған жағдайда, дәстүрлі аппликаторлар жеткілікті дозаны дәл беруге мүмкіндік бермейді. Ал гибридті тәсіл бұл мәселені тиімді шешеді.
«Гибридті брахитерапия ісікті барынша дәл қамтып, сонымен қатар қуық пен тік ішекке түсетін сәулелік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді», – дейді Гайни Олжатаева.
ҰҒОО-ның осы бағыттағы тәжірибесі мен жаңа технологиялары осы жылдың 1–2 мамырында Астанада өтетін радиациялық онкология, медициналық физика және сәулелік терапияның заманауи әдістеріне арналған II Халықаралық конференцияда таныстырылады.
Конференция аясында жоғары технологиялы сәулелік емдеудің өзекті тәсілдері талқыланып, шеберлік сабақтары мен білім беру сессиялары ұйымдастырылады. Іс-шараға Қазақстаннан және Оңтүстік Корея, Жапония, Ресей мен Балтық елдерінен келген мамандар, сондай-ақ медициналық жабдықтар өндіруші жетекші компаниялардың өкілдері қатысады деп күтілуде.
Бұл конференция озық тәжірибе алмасуға және клиникалық практикаға жаңа шешімдерді енгізуге мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналып, емнің дәлдігін арттыруға әрі пациенттердің өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді.
