Республика күні қарсаңында Ұлттық ғылыми онкология орталығының Әйелдер денсаулығы орталығының меңгерушісі, жоғары санатты онкогинеколог, медицина ғылымдарының кандидаты Аида Фазылқызы Шакирова жоғары мемлекеттік награда – «Құрмет» орденімен марапатталды.
Аида Фазылқызының медицина саласындағы еңбек өтілі жиырма жылдан асады. Осы уақыт ішінде ол мыңдаған күрделі клиникалық шешім қабылдап, әйелдердің денсаулығы мен өмірі үшін үлкен жауапкершілік арқалап келеді.
Ол күрделі хирургиялық оталарды жасап қана қоймай, Орталықтағы онкогинекологиялық қызметтің дамуына да үлес қосып жүр. Заманауи хирургиялық әдістерді тәжірибеге енгізіп, білімі мен тәжірибесін әріптестерімен бөліседі.
«Құрмет» орденін алу сәтінде Аида Фазылқызы толқынысын жасырмады. Еңбегіне жоғары баға берілгені үшін шынайы алғысын білдіріп, өзі қызмет ететін Орталық пен пациенттер игілігі жолында бұрынғыдай аянбай еңбек ете беретінін айтты.
Бұл сөздерден оның мамандығына деген адалдығы айқын аңғарылады. Себебі дәрігер үшін әр диагноздың артында тағдыры мен өмірін сеніп тапсырған адам тұрады.
Аида Фазылқызын жоғары мемлекеттік наградасымен шын жүректен құттықтаймыз! Алда әлі талай жанның өмірін сақтап, пациенттерінің алғысына бөленіп, қуанышты хабарларға куә бола беруіне тілектеспіз!
