Әлемдік статистикаға сәйкес, бұл дерт қатерлі ісіктердің барлық түрлері арасында төртінші орында тұр. Ал ер адамдар арасында таралуы жағынан өкпе обырынан кейінгі екінші орында.
Ұлттық ғылыми онкология орталығының онкоурологы Руслан Касимовтың айтуынша, аурудың негізгі қауіп факторларына 50 жастан асу, тұқым қуалаушылық және генетикалық мутациялар жатады.
Аурудың бастапқы кезеңдерінде ешқандай белгілер байқалмауы мүмкін. Дегенмен түнгі уақытта жиілейтін зәр шығару, зәр ағысының әлсіз немесе үзік-үзік болуы, зәр шығарудың қиындауы немесе қуықтың толық босамау сезімі дәрігерге қаралуға себеп болуы тиіс.
Диагностика үшін қандағы простатаға тән антигенге (ПСА) талдау, ультрадыбыстық зерттеу, магниттік-резонанстық томография (МРТ) және қуықасты безінің биопсиясы қолданылады.
ҰҒОО-да пациенттерге заманауи фьюжн-биопсия әдісі қолжетімді. Бұл – МРТ мен ультрадыбыстық зерттеу деректерін нақты уақыт режимінде біріктіре отырып жүргізілетін жоғары дәлдіктегі зерттеу. Аталған технология жасырын және анықталуы қиын ісіктерді де табуға мүмкіндік береді. Диагностикалық дәлдігі 85–90% асады.
Ең бастысы – тексерілуді кейінге қалдырмау. Ауру неғұрлым ерте анықталса, емнің нәтижелі болуы мен өмір сапасын сақтап қалу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
