Бүгін Ұлттық ғылыми онкология орталығында өкпе қатерлі ісігінің алдын алу және ерте анықтау мақсатында Ашық есік күні өтті.

Өкпе қатерлі ісігі – әлемде де, Қазақстанда да қатерлі ісіктердің ішінде өлім-жітімнің бірінші себебі болып табылады. Елдік статистикаға сүйенсек, жыл сайын  1500-ден астам жаңа жағдай тіркеледі. Аурудың басты қауіптілігі – бастапқы кезеңдерінде белгілерінің болмауында. Жөтел, ентігу, кеудедегі ауырсыну, салмақ жоғалту сынды белгілер көбіне ауру асқынған кезде ғана пайда болады, бұл кезде емдеу күрделі әрі қымбатқа түседі.

Ерте анықтау – өмірді сақтап қалудың кілті. Бастапқы кезеңдерде өкпе қатерлі ісігін әлдеқайда тиімді емдеуге болады, ал заманауи әдістер өмірді ұзартуға ғана емес, науқастың өмір сапасын сақтауға мүмкіндік береді. Сондықтан да ҰҒОО осындай профилактикалық іс-шараларды өткізіп, ауруды дер кезінде анықтауға көмектеседі.

Бүгінгі Ашық есік күні аясында қала тұрғындары мен қонақтары:

    •    торакальды хирургтың тегін консультациясын алды,

    •    қауіп факторларын анықтау үшін сауалнама толтырды,

    •    кеуде қуысы ағзаларының КТ-сына жолдамамен қоса, қосымша тексерулер бойынша ұсыныстар алды,

    •    өкпе қатерлі ісігінің алдын алу мен диагностикасының заманауи әдістерімен танысты.

Дәрігерлердің айтуынша, қауіп тобына 40 жастан асқан адамдар, шылым шегетін немесе тастаған адамдар, созылмалы өкпе аурулары бар науқастар, сондай-ақ отбасында онкологиялық ауру кездескендер жатады.