Бүгін Ұлттық ғылыми онкология орталығында «Қазақстан Республикасындағы онкологиялық көмектің жаңа белестері. ҰҒОО – болашақтың озық технологиялар ордасы» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастады. Жаңа корпустың есігін алғашқылардың бірі болып виртуалды түрде ҰҒОО-ның мейірбике ісі жөніндегі басқарушы директоры Гүлмира Галимова ашты. Кеше ғана болашақтың технологиясы болып көрінген цифрлық диагностика, заманауи шешімдер мен пациенттердің жайлылығына бағытталған «ақылды» жүйелер бүгінде орталықта сәтті іске асырылып жатыр. Ғылым, білім және тәжірибе тоғысы туралы Назарбаев Университетінің доценті Джозеф Алмазан баяндама жасайды.
Қазақстан, Әзербайжан, Израиль және Литва елдерінен келген қатысушылар радиациялық терапия жағдайындағы пациенттерге қолдау көрсету, халықаралық үздік тәжірибелерді күнделікті мейірбике ісінде қолдану және жаңа буын – сенімді, кәсіби, зерттеуші мейірбикелерді дайындау мәселелерін талқылайды.
Конференция аясында алғаш рет онкология саласындағы мейірбике ісі мамандарына арналған пікірталас панелі өтті. Бұл панельде стационар жағдайында пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында көмекші персоналды мейірбике ісіне тиімді енгізу жолдары қарастырылды.
