Ұлттық ғылыми онкология орталығында онкологиялық ауруларды анықтаудың ең озық диагностикалық әдістері қолданылады. Бұл қатерлі ісікті анықтаумен шектелмей, оның нақты сатысын, таралу деңгейін белгілеуге және жүргізіліп жатқан емнің тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.
Орталықтың диагностикалық мүмкіндіктері озық технологияларға негізделген:
- ПЭТ-КТ - ісік ошағын және метастаздарды анықтап, аурудың даму сатысын дәл айқындайды;
- ПЭТ-МРТ - Орталық Азияда баламасы жоқ бірегей аппарат, жұмсақ тіндерді (кіші жамбас ағзалары, ми, құрсақ қуысы) жоғары дәлдікпен бейнелеуде ерекше тиімді;
- ОФЭКТ-КТ - ағзалар мен сүйек тіндерінің функционалдық жағдайын бағалауға, ісіктік және қабыну өзгерістерді, сондай-ақ жарақаттар мен сынуларды анықтауға мүмкіндік беретін әдіс.
ПЭТ-зерттеулер бастапқы диагностика кезеңінде де, емдеу үдерісі барысында да кеңінен қолданылады. Бақылау тексерістері дәрігерлерге таңдалған емдеу тактикасының тиімділігін объективті бағалауға мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда емдеу жоспары түзетіледі, ал ремиссияға қол жеткізілген кезде пациент динамикалық бақылауда болады.
Маңызды жайт: ПЭТ-КТ және ПЭТ-МРТ тек медициналық көрсеткіштер бойынша тағайындалады. Зерттеу жүргізу туралы шешімді емдеуші дәрігер-онколог қабылдайды. Бұл — диагностикадағы жекелендірілген әрі қауіпсіз тәсілдің ажырамас бөлігі.
Орталықтың тағы бір маңызды артықшылығы - циклотрон кешені базасында радиофармацевтикалық препараттардың өз өндірісінің болуы. Бұл жүргізілетін зерттеулердің тұрақтылығын, жоғары сапасын және дәлдігін қамтамасыз етеді.
Бейне сілтемесі:YouTube-те қараңыз
