Сүт безі қатерлі ісігін емдеу: заманауи тәсілдер және жаңа мүмкіндіктер

Сүт безі қатерлі ісігін заманауи емдеу ісікті алып тастаумен ғана шектелмейді. Бүгінде дәрігерлер әйелдің емнен кейінгі өміріне де мән береді: сүт безін мүмкіндігінше сақтап қалу немесе қалпына келтіру, асқыну қаупін азайту және науқастың қалыпты өміріне қайта оралуына жағдай жасау маңызды.


Дәл осы кешенді тәсіл ONCO FUTURE KAZAKHSTAN 2026 аясындағы онкомаммология, реконструктивті хирургия және лимфедема мәселелеріне арналған секцияда талқыланды.


ҰҒОО-да пациент заманауи диагностика мен сүт безі қатерлі ісігін емдеуден бастап реконструктивті хирургияға және лимфедеманы емдеуге дейінгі көмектің барлық кезеңінен өте алады. Бүгінде ем нәтижесімен қатар, әйелдің өмір сапасын барынша сақтаудың маңызы артып келеді.


Секция барысында Қазақстан, Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея және Өзбекстан мамандары молекулалық диагностика, заманауи емдеу әдістері, ағза сақтайтын операциялар және сүт безін реконструкциялау мәселелерін талқылады. Бағдарламаның жеке бөлігі сүт безі қатерлі ісігін емдегеннен кейін пайда болуы мүмкін асқынулардың бірі – лимфедемаға, сондай-ақ оның алдын алу мен түзетудің заманауи тәсілдеріне арналды.


Хирургияның даму бағытына қатысты қызықты пікірді Оңтүстік Кореядан келген пластикалық хирург Хонг Ки Ли ұсынды. Оның айтуынша, бүгінде хирургиядағы тәсілдер өзгеріп келеді: маманның міндеті – тек реконструкция жасау емес, пациенттің өз тіндерін, бұлшықеттерін, жүйкелері мен қан тамырларын, яғни табиғи анатомиясын барынша сақтау.


«Бұрын басты назар сүт безінің көлемі мен өлшеміне аударылатын. Бүгінде біз пациенттің өз тіндерін барынша сақтап, сонымен бірге табиғи пішінге қол жеткізуге ұмтыламыз», – деді Хонг Ки Ли.


Бүгінде онкомаммологиядағы басты ұстанымдардың бірі – ауруды емдеп қана қоймай, әйелдің денсаулығы мен өмір сапасын барынша сақтау.