Сүт безі қатерлі ісігін емдеудегі хирургияның бүгінгі мүмкіндіктері

15 қазан – Дүниежүзілік сүт безі қатерлі ісігіне қарсы күрес күні. Бүгінде бұл ауруды емдеу тек ісікті алып тастаумен шектелмейді. Заманауи хирургия сүт безін сақтап қалуға, оның пішінін қалпына келтіруге және операциядан кейінгі асқынулардың қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықта әр пациенттің емдеу тактикасын түрлі сала мамандарынан құралған мультидисциплинарлық топ анықтайды. Аурудың ерекшелігіне қарай хирургтар сүт безін сақтайтын операциялар жасайды, сондай-ақ сүт безін алып тастау қажет болған жағдайда оны имплант арқылы бірден немесе кейінірек қалпына келтіреді.

Операциядан кейінгі асқынулардың алдын алуға да ерекше көңіл бөлінеді. ICG-флуоресцентті визуализация әдісінің көмегімен күзетті лимфотүйінге биопсия жасалады. Бұл әдіс кейбір жағдайларда қолтық астындағы лимфа түйіндерін кең көлемде алып тастау қажеттілігін болдырмай, лимфостаздың даму қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.

Соңғы алты айда Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықта сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан 143 пациентке хирургиялық ем жүргізілді. Олардың 121-іне күзетші лимфа түйіндерінің биопсиясы жасалды.