“STOP-МЕЛАНОМА”: 30 астам адам ҰҒОО мамандарынан тегін кеңес алды

24 мамыр күні  ҰҒОО- да тері обыры мен меланомаға қарсы өткен ашық есік күні аясында 30-дан астам адам тегін тексеруден өтіп, кәсіби онкологтардан кеңес алды.

Меланома – терінің пигментті жасушаларынан (меланоциттерден) дамитын ең агрессивті қатерлі ісіктердің бірі. Ол барлық тері ісіктерінің 5%-дан азын құрағанымен, тері рагынан болатын өлім-жітімнің басым бөлігіне дәл осы меланома себеп болады.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, елімізде жыл сайын меланоманың 350–400 жаңа жағдайы тіркеледі. Қазіргі уақытта терінің қатерлі ісіктері диагнозымен диспансерлік есепте шамамен 22 мың науқас тұр.

ҰҒОО орталығының онкохирургі Бейбіт Әнет Бейбітұлының айтуынша, тері обырлары мен меланома – еліміз үшін өзекті мәселе.

«Біз жыл сайын орталық базасында ақпараттық-профилактикалық іс-шаралар өткіземіз. 2024 жылы тері ісіктерімен ауырған 43 науқасқа ота жасалды. Барлығының қазіргі уақытта жағдайлары жақсы. . Бұл – дер кезінде анықталған жағдайда аурудың емделетінін көрсетеді, – деді маман.

Ол сондай-ақ қауіп тобына ашық түсті теріге ие, қызғылт сары шашты, сепкілді, әсіресе 50 жастан асқан адамдар кіретінін еске салды.

– Меланома көбінесе қалдан дамиды. Қалдың түсі, пішіні, шекарасы мен өлшемінің өзгеруіне мұқият назар аудару қажет. Ауырсыну белгілері әдетте ісік асқынған кезде пайда болады. Сондықтан қандай да бір күмән туса, өздігінен тексеру жүргізіп, дер кезінде дәрігерге жүгіну маңызды, – деді дәрігер.

Мамандардың айтуынша, меланома ауруы ерте кезеңде анықталған жағдайда 90% жағдайда емделеді. Ең бастысы – дер кезінде медициналық көмекке жүгіну.