Павлодар қаласының 77 жастағы тұрғыны Тамара Суслова – тағдырдың сан түрлі сынағына мойымаған, ішкі рухы темірдей берік, ерік-жігері асқақ жан. Өмірінің әр кезеңінде ол ажалға үш мәрте бетпе-бет келді. Үш рет… Бірақ әр жолы жеңімпаз болып шықты.
«Қазір қиын жағдайда екенімді білемін. Бірақ ішімнен қайталап айтамын: «Тома, сен мықтысың!» - деймін сабырмен. Тұрамын. Сол сәтте бойымнан жаман қуаттың кеткенін сеземін», - дейді Тамара Суслова.
Алғашқы ауыр диагноз осыдан 20 жыл бұрын қойылды – сүт безінің сирек кездесетін түрі, Педжет дерті. Дәрігерлер ота жасап, сәулелік терапияның он курсынан өткізді. Бірақ бұл нәзік жанды жасыта алмады. Қайта жігерін жанып, өмірге деген құштарлығын арттыра түсті. Келесі сынақ – тоқ ішек обыры. Абырой болғанда, ауру ерте сатысында анықталып, ота арқылы жойылды. Бұл жолы химиотерапияның қажеті болмады.
Уақыт өте келе ағзасы тағы да белгі берді. Әлсіздік, жүрек айну, күрт салмақ жоғалту – дәрігерлер асқазан обырының үшінші сатысын анықтады. Павлодарлық мамандар ота жасауға жүрексінді. Ал химиотерапия тым ауыр көрінді. Үміт отын сөндіргісі келмеген қызы анасын Кореяға алып кетті. Бірақ бір ғана курс – бес миллион теңге… Қаржылай мүмкіндік шектеулі еді. Олардың жолы қайтадан туған елге бұрылды.
Алайда қызы күресті тоқтатпады. Анасының рухын биік ұстауға тырысты, киелі мекендерді аралатып, қолынан келгеннің бәрін жасады. Жаратқан да жомарт екен – Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығы үміттің шырағын қайта жақты.
«Науқас бізге үшінші онкологиялық аурумен келді. Бұрынғы екі диагноз сәтті емделген. Келген кезде көңілді, сергек, тіпті ауыр дертпен күресіп жүрген адам екені байқалмайды. Көзінде үміт, бойында қуат бар. Өмірге құштарлығы күшті. Диета сақтайды, спортпен айналысады, тәртіпті, жауапты пациент», – дейді абдоминалды хирургия бөлімінің аға ординаторы Алтай Керимкулов.
Дәрігерлер заманауи HIPEC технологиясын қолдана отырып, күрделі отаны сәтті жасады. Бұл әдіс кезінде іш қуысына қыздырылған химиопрепарат енгізіліп, шамамен бір жарым сағат айналып, ісіктің көзге көрінбейтін жасушаларын жояды.
Отадан кейінгі он бірінші күні-ақ Тамара Ивановна үйіне шығарылды. Химиотерапия жақсы нәтиже беріп, ісік ішінара шегінді. Иммунохимиотерапияның қосымша курстары тағайындалды. Дәрігерлердің де, науқастың да көңілі жай.
«Қазір біздің елімізде онкология саласы жоғары деңгейде дамып келеді. Шетелге бармай-ақ, осында барлық қажетті көмекті алуға болады», – дейді онкохирург сеніммен.
Ал Тамара Суслова тек дертпен күресіп жүрген жоқ – ол өмір сүріп жатыр. Рахметін айтып, үмітін үзбей, жүрегінің түбінен шыққан сенімді үнімен қайталайды: «Тома, сен мықтысың!»
«Мен: «Өмір сүргім келеді!» – деп айтамын. Маған не айтса, бәрін орындаймын. Менің бар үмітім дәрігерлерде. Біздің «бірлескен еңбегіміз» – мені сауығуға жетелейді», – дейді өмірдің сан белесін артқа тастаған, үміт пен сенімнің символына айналған мейірімді кейуана.
Бейнеге сілтеме: Смотреть на YouTube
