Астанада «Gastro Hepato Transplant News 2026» Қазақстан гепатологтары мен гастроэнтерологтарының IX Ұлттық конгресі өтті

Вирустық гепатиттер, аутоиммундық және метаболикалық аурулар, алкогольдің зиянды әсері, сондай-ақ дәрілік препараттардан туындайтын зақымданулар бауыр жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін.


Бұл туралы Астанада өткен «Gastro Hepato Transplant News 2026» Қазақстан гепатологтары мен гастроэнтерологтарының IX Ұлттық конгресінде айтылды. Ауқымды ғылыми жиынға Германия, Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, АҚШ, Өзбекстан және Ресейден келген жетекші мамандар мен отандық сарапшылар қатысты.


Биылғы конгрестің басты тақырыбы – бауыр жеткіліксіздігі. Мамандардың айтуынша, бұл аталған ағза ауруларының ең ауыр асқынуларының бірі саналады. Соңғы жылдары дәрілік препараттардан бөлек, дәрумендер, биологиялық белсенді қоспалар мен түрлі құралдарды бақылаусыз қолдану салдарынан оның зақымдану жағдайлары жиілеп келеді.


Сарапшылар аталған ағзаның өзін-өзі қалпына келтіру қабілеті жоғары болғанымен, мүмкіндігі шексіз емес екенін атап өтті. Осыған байланысты конгресс барысында бауыр жеткіліксіздігінің алдын алу, ерте диагностикалау және емдеудің заманауи тәсілдері талқылануда. Бұл өз кезегінде ауыр асқынулардың алдын алып, трансплантацияға деген қажеттілікті азайтуға мүмкіндік береді.


Конгресс халықаралық тәжірибе алмасуға, соңғы ғылыми зерттеулерді талқылауға және заманауи клиникалық тәсілдерді практикалық денсаулық сақтау жүйесіне енгізуге арналған маңызды алаңға айналды.