Астанада медицинадағы сәулелік қауіпсіздікке арналған II халықаралық конференция өз жұмысын бастады

Бір алаңда 200-ге жуық қатысушы бас қосты. Олардың қатарында дәрігерлер, медициналық физиктер, зерттеушілер мен сала өкілдері бар. Қатысушылар Қазақстанмен қатар Оңтүстік Корея, Жапония, Ресей және Балтық елдерінен келген.


Екі күнге созылатын жиында сарапшылар радиациялық онкология мен сәулелік терапияның даму бағыттарын талқылайды. Негізгі назар пациенттер мен медицина қызметкерлерінің сәулелік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сәулелік емдеу дәлдігін арттыру, жаңа технологиялар мен жабдықтарды енгізу, сондай-ақ клиникалық тәжірибедегі медициналық физиканың рөліне аударылған.


Сонымен қатар халықаралық тәжірибе мен осы саладағы заманауи стандарттар да кеңінен қарастырылады.


Конференция кәсіби ашық диалог пен тәжірибе алмасуға серпін берді. Панельдік сессиялар, нақты клиникалық жағдайлар және тиімді шешімдерді талқылау – пациенттерді емдеу сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға тікелей ықпал етеді.