Мен осы орталыққа келгеніме бақыттымын

Гүлнара Шакенова ҰҒОО-да протондық терапия курсынан өтіп жатыр. 27 сеанстың жартысына жуығы артта қалды. Оның айтуынша, ол мұнда күн сайын үлкен үмітпен келеді. Процедуралар ауырсынусыз өтеді. Емдеу ТМККК (Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) аясында жүргізіледі.


«Мен мұнда күн сайын үмітпен, жақсы көңіл күймен және үлкен алғыс сезімімен келемін. Себебі дәл осы протондық орталықта ем алу – біз үшін үлкен мүмкіндік. Бұл – түрлі ісіктерді емдеудегі ең озық, ең перспективалы әдістердің бірі. Қазақстанда осындай бірегей орталық бар екенін еліміздің барлық азаматтары білуі тиіс. Бұл – еліміздегі әрі Орталық Азиядағы алғашқы орталық. Мұнда келгеніме өте қуаныштымын», – дейді ол.


Пациенттің ем жолы консультациядан басталады. Егер протондық терапияға көрсетілімдер болса, центрация кезеңі жүргізіледі: КТ, МРТ және топометрия жасалады. Одан кейін дәрігерлер жеке емдеу жоспарын құрады, ал медициналық физиктер күрделі дозиметриялық есептеулерді орындайды. Жоспарлау шамамен бір апта уақыт алады. Емдеу курсы орта есеппен бір жарым айға дейін созылады. Бір сеанс 30–45 минутқа дейін жалғасады. Нәтижесінде ауру үдерісі тұрақтанып, ісік көлемі кішірейеді және болашақта толық жойылуы мүмкін.


«Протондық терапия орталығында ми ісіктері, бас сүйек негізі, жұлын, бас және мойын аймағы, өңеш, бауыр (гепатоцеллюлярлық карцинома), тік ішек ісіктері бар пациенттер ем қабылдайды. Бұл локализациялар кездейсоқ таңдалған жоқ. Себебі ісікке өте жақын орналасқан өмірлік маңызды құрылымдар бар, оларды барынша қорғау қажет», – деп түсіндірді бөлім дәрігері Лидия Әбілова.