Сапалы ем үшін шекара асқан жандар

Қырғызстан азаматы Каныбек Джапаровтың бауырынан қатерлі ісік анықталған кезде, отбасы күрделі таңдау алдында қалып, емдеудің ең тиімді жолын іздей бастайды.


Ұлттық ғылыми онкология орталығы туралы ақпаратты қызы әлеуметтік желілерден көріп, отбасы Қазақстанға арнайы келген.


Тексеру барысында науқастың жүрегінде де мәселе бар екені анықталды. Сондықтан алдымен оған кардиостимулятор орнатылып, кейін негізгі ем жалғастырылды. Бір аптадан соң бауыр артерияларының химиоэмболизациясы жасалды. Ем сәтті өтіп, бірнеше күннен кейін науқас үйіне шығарылды.


Заманауи аз инвазивті технологиялардың арқасында мұндай күрделі медициналық араласулар үлкен отасыз, шағын тілік арқылы жүзеге асырылады.


«Ем ұзаққа созылып, ауыр болады деп ойлаған едім. Бірақ бәрі өте жылдам әрі кәсіби деңгейде жүргізілді. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Дәрігерлерге және Орталықтың барлық қызметкерлеріне шын жүректен алғысымды білдіремін», – дейді Каныбек Джапаров.


Жұбайлардың айтуынша, емделу үшін шетелдегі түрлі клиникалардың мүмкіндіктері де қарастырылған. Дегенмен, денсаулығын сеніп тапсыратын медициналық ұйым ретінде олар Ұлттық ғылыми онкология орталығын таңдаған.


ҰҒОО Қазақстан азаматтарымен қатар, алыс-жақын шетелдерден келетін пациенттерге де жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетеді.