АҚХА миссиясының ҰҒОО-ға сапары аяқталды

Ұлттық ғылыми онкология орталығында (ҰҒОО) Атом Қуаты Халықаралық Агенттігінің (АҚХА) миссиясының сапары аяқталды. NAHU дозиметрия және медициналық радиациялық физика секциясының басшысы Мауро Каррара жетекшілік еткен тәуелсіз сарапшылар тобы Қазақстанға ҰҒОО-ның онкологиялық көмек көрсетудегі жетекші ұйым ретіндегі қызметі мен даму перспективаларымен танысу мақсатында арнайы келді.

Екі күн бойы сарапшылар Орталықтың негізгі бөлімшелерінің жұмысымен танысты. Атап айтқанда, циклотрондық-өндірістік кешен, тераностика, сәулелік және протондық терапия бөлімшелері, сәулелік диагностика, интервенциялық радиология бағыттары қарастырылды. Сонымен қатар қызмет сапасы мен радиациялық қауіпсіздік мәселелері, Радиоактивті технологиялар орталығын дамыту перспективалары талқыланды. Ерекше назар сапа менеджменті жүйесіне, білім беру бағдарламаларына, кадр даярлауға және Орталықтың ғылыми-зерттеу әлеуетіне аударылды.

ҰҒОО Басқарма төрағасы Жандос Бүркітбаевтың айтуынша, кадр даярлау орталық құрылған сәттен бастап негізгі басымдықтардың бірі болып келеді.

«ҰҒОО-ның жаңа корпусын жобалау және салу жұмыстарымен қатар біз жетекші әлемдік клиникалар мен ғылыми орталықтарда мамандарды жүйелі түрде оқытумен айналыстық. Бүгінде бұл білімдер тәжірибеде қолданылып, заманауи медициналық технологияларды енгізуге және онкологиялық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік беріп отыр», — деді ол.

АҚХА миссиясының таныстыру сапарының қорытындылары ҰҒОО-да және жалпы Қазақстанда радиациялық медицинаны дамыту мен ынтымақтастық бағдарламасын қалыптастыруға негіз болады. Бұл халықаралық жобаларға қатысуға, персоналдың біліктілігін арттыруға және онкологиялық ауруларды емдеудің инновациялық әдістерін енгізуге жол ашып, медициналық ұйымның халықаралық деңгейдегі позициясын нығайтады.


Бейнеге сілтеме: Смотреть на YouTube